Тауман Төрехановтың Өмірбаяны

tauman torekhanov

Тарихи тұлға 103 жыл жасаған еңбеккер Бәсеннен өрбіген даңқты халық батырлары Көтібардың бесінші, Есеттің төртінші ұрпағы қаламгер, журналист-жазушы, Шалқар ауданының және Шалқар қаласының Құрметті Азаматы – Тауман Алыбайұлы ТӨРЕХАНОВ Ақтөбе облысының Шалқар қаласында 1931 жылы 15 наурызда дүниеге келді. 1941-1945 соғыс жылдары тылда малшы жәрдемшісі, шахтер-тұзшы, колхоз аңшысы болып жұмыс істеген. 1947-1949 жылдары еңбекшілер депутаттары Шалқар қалалық Совет атқару комитетінде іс жүргізуші болған. 1949-1950 жылдары Шалқар аудандық «Социализм туы» газетінде аға әдеби қызметкер болып қызмет еткен.
1950-1955 жылдары Қазақтың С.М. Киров атындағы мемлекеттік университетінің студенті (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университет). Университетті үздік бағамен бітірген соң А.А. Жданов атындағы Ленинград университетінің Шығыстану факультетінің аспирантурасына жолдама берілген. Бірақ материалдық жағдай болмай, Біршоғыр Шахта поселкесіндегі орыс-қазақ орта мектебіне директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары етіп жіберілген. Сонда Біршоғыр тау көмір Шахтасының басқарушысы белгілі геолог, кейін дара жазушы Ілияс Есенберлинмен таныс болады. Бұл жас әдебиетшінің келешек қаламгерлігіне ұстаздық жол ашады.
1957 жылы Ақтөбе обкомы редакцияға жібереді. 1962 жылдың 18 сәуірінен 1963 жылдың 15 сәуіріне дейін Ақтөбе селолық обкомының Темір аймақтық өндірістік басқармасы бойынша Темір, Байғанин, Ойыл аудандары үшін шығатын облыстық «Жаршы» газеті бас редакторының бірінші орынбасары қызметін атқарған. 1963 жылдың 15 сәуірінен бастап Ақтөбе облыстық партия комитетінің Шалқар аймақтық өндірістік басқармасында ашылатын облыстық «КомТаңы» (Шалқар, Ырғыз аудандары бойынша) газетін ұйымдастырып, оның бас редакторы қызметінде болды. Кейін басқарма тараған соң Шалқар аудандық газетінде үздіксіз 1992 жылдың мамырына дейін 30 жылдай бас редактор қызметін атқарды. Шалқар аудандық партия комитетінің 27 жыл бюро мүшесі, аудандық атқару комитетінің мүшесі, Ақтөбе облыстық партия ұйымының 1964-1991 жылдарда өткен 12 конференциясына үзіліссіз делегат (шешуші дауыспен) болып қатысқан. Бірнеше рет Обком мүшесі болып сайланған. Халық депутаттары Шалқар аудандық кеңестерінің 31 жыл депутаты болған.
Москвада өткен КСРО журналистер Одағының Құрылтайына ТАСС Бас директоры Н.Г. Пальгуновтың шақыруымен қатысқан. Ал Қазақстан журналистер Одағының Құрылтайынан бастап 8 Съезінің 1990 жылға дейін делегаты болған. 8 жыл Басқарма мүшесі болып сайланған. Тауман Төрехановтың баспасөздегі ұйымдастыру шеберлігі, жұмыс стилі жайлы Қазақстан КП Орталық партия Комитеті «Тәжірибе және Талап» (1972 ж.) атты кітап шығарған. Осы қызмет еткен жылдардағы еңбегі – Қазақ ССР-нің мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткері құрметті атағымен; Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет Грамотасымен; «КСРО Баспасөзінің Үздігі» ерекше төс белгісімен; КСРО-ның 4 медалымен; Баспа, ақпарат Комитетінің екі Дипломымен; КСРО және Қазақстан журналистер Одақтарының, СОКП Орталық Комитетінің; КСРО халықтық Бақылау Комитетінің; КСРО Министрлер Кеңесі, ВЛКСМ Орталық комитеті мен ВЦСПС-тың; Қазақстан КП Орталық Комитетінің, Ақтөбе атқару комитетінің Құрмет Грамоталарымен – небәрі 35-тің үстінде награда, оның ішінде «Тың жерлерді игергені үшін», «Еңбек озаты», «Еңбек ардагері» медалдары бар. КСРО социалистік жарыс озаты құрметті төс белгісімен (1966-1982) 5 рет марапатталған. 1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысындағы жеңіске 65, 70 және 75 жылдық мерекелік медалдарымен наградталған.
Шалқар аудандық тарихи өлкетану музейін ұйымдастырып 1988 жылы ашқан. 30 жыл бойы Шалқар аудандық ономастика-топонимикалық комиссиясын, бірнеше жыл Қазақ тілі қоғамын басқарған. Қазақстан Республикасына сіңірген ерекше еңбегі үшін Республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер. Елу жылдай журналистикалық ғұмырында төрт мыңдай очерк; репортаж, проблемалық материалдар, әңгіме; эссе; новелла; 7 повесті; 5 роман – 15 кітап – «Көз көргендер еді», «Қанмен жазылған тағдырлар», «Ғасыр қасіреті» тарихи-роман (дилогия), «Зердесінде ұрпақтың», «Ұжмақ елі», «Жазбады-ау демесін» (трилогия), «Кісенделген Дала» (тарихи-роман), «Адам әлемі», «Тарихтың қанды іздері» (тарихи-роман-эпопея), «Дала Геркулесі» (тарихи-роман, трилогия) атты еңбектері «Атамұра» баспасынан жарық көрді. «Дала Геркулесі» тарихи-деректі романы (үш тілде) АҚШтың Нью-Йорк қаласында өткен ғылыми және әдеби көрмесінде позитивтік баға алған. 2015 жылы аяғында «Атамұра» баспасынан үш тілде «Тағдырлар тайталасы - Столкновения судеб - Collision of Destinies» атты 700 беттік мемуары жарыққа шықты. Қазір екінші кітабы дайындалуда.
Германия Федеративтік Республикасына «Герман-Қазақстан Достық қоғамының» және Берлиндегі Гумбольдт атындағы ұлттық университеті студенттері қауымдастығының шақыруымен бәйбішесі Балзада Шәмшіқызымен іс-сапармен барғанда, 4 роман-кітабы –Гумбольдт атындағы ұлттық университетіне, Ганновер, Гамбург университеттеріне сыйға таратылды. Қазақстанның Германиядағы Елшілігіне табыс етілді. АҚШ Конгресінің, Канададағы Монреаль және тағы да басқа Европаның, Азияның ірі университеттерінің кітапханаларына сыйға берілді.
Қазақстанның Герман Федеративтік Республикасындағы Жылының ашылу салтанатына қатысуға барған ҚР Президенті автордың «Тарихтың қанды іздері» атты тарихи роман-эпопеясын үлкен ілтипатпен қабылдады.
«Дала Геркулесі» тарихи романы жайлы «Егемен Қазақстан» газетінде (25.02.2009 ж., КР мемлекеттік сыйлығының лауреаты С. Досанов) көлемді де жағымды рецензия берді. «Казправда», «Ел», «Айқын», «Алматы Ақшамы», «Ана тілі», «Президент және Халық», «Қазақ әдебиеті», «Астана Ақшамы», «Жас Алаш», «Ақтөбе», «Нұр-Дәулет» т.б. басылымдардың және КазРадио, «Хабар», «Қазақстан», «Мир», «КТК» телеарналары оң баға беріп жазды, айтып көрсетті.
Т.А. Төреханов баспасөзде қызмет істеген жылдары академик А.Д. Сахаровпен Мұғалжар тауының терең шұңқырындағы жабық әскери «Эмба - 5» қалашығында кездескен. Арал теңізінің «Барсакелмес» полигонында болған. Заманында М. Шолохов, Л. Леоновтармен, кейін Москвада даңқты ақын Расул Гамзатовпен, дара мүсінші Асқар Сариджа Нұхбековичпен кездесіп, әңгімелескен.
ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев автордың «Дала Геркулесі» кітабын және хатын алғаны жайлы алғыс айтып, ризашылығын білдіре отырып, өзінің «Қазақстан жолы» кітабын және алғыс Хатын (13.09.2010 ж.) жолдаған.
Тауман Төреханов жайлы толығырақ көптеген мәлімет, ғаламтордағы веб-сайтынан http://www.tauman-torekhanov.com алуға болады.
Алматы, 2020 ж.