Қалам Иесінің Бақыты

... Тауман Алыбайұлының өнегелі өмір жолындағы белестерге көз жүгірткенде, оның жастық шағы да жалынды істерге арналғанын байқайсыз. Мәселен, ол университетте оқыған жылдарында қоғамдық жұмыстарға араласып, адамдармен қарым-қатынас жасаудың қыры мен сырын жетік меңгерді. Онда комсомол-жастар ұйымының хатшысы болған. Қазақстан Жазушылар одағының съезіне студенттер арасынан хатшы ретінде шақырумен барған ол съезге келген орыстың әйгілі жазушылары М. Шолохов пен Л. Леоновты университетке шақырып, кездесу өткізеді. Ұстаздарының әрбір дәрісін мұқият тыңдай отырып, бойындағы жақсы жақтарын, олардың ұлағатты сөздерін бойына дарытқан ол кейінгі қызметтерінде осыларды тиімді пайдалана біледі. Көреген ұлағатты ұстаздары университетті үздік бітірген жігерлі жасқа Ленинградтағы А. Жданов атындағы университеттің шығыстану факультетіндегі аспирантураға жолдама бергенде оның бойында ғылымға, ізденуге деген қабілетін ескерген болатын.
Бірақ ол сол кездегі жағдайға байланысты елге барып, қызметке араласуды жөн көрді. Бершүгір орыс-қазақ мектебінде директордың оқу-тәрбие жұмысы бойынша орынбасары болып шәкірттеріне білім-тәрбие берумен қатар, сол шахтадағы қайнаған өмірге көзін сала жүрді. Көмір шахтасында басқарушы болып қызмет жасайтын геолог-инженер, кейін мәшһүр болған жазушы І. Есенберлинмен танысып, сырлас болудың да реті келеді.
Ақтөбе селолық обкомның Темір аумақтық басқармасы бойынша шығатын «Жаршы» газеті редакторының бірінші орынбасары, кейін Шалқар аумақтық басқармасы бойынша ашылған облыстық селолық «Коммунизм таңы» және кейінірек «Шалқар» болып жарық көре бастаған басылымды ұйымдастырып, оның редакторы қызметінде отыз жылдай еңбек етті.
Ә. Оралбаев, А. Көздібаев, Ә. Аймағанбетов, Ғ. Төреханов, Ж. Қабақбаев, М. Асанов, М. Есмағанбетов, Ү. Уайдин, Н. Мусин, М. Мырзағұлов, Б. Теміров, Ә. Әбдірашұлы, Ә. Жұмабаев, Қ. Әлин, Т. Мәмиев секілді журналистер осы Тауман аға басқаратын ұжымда қалыптасты.
Қаламының арқасында Тауман Алыбайұлы талай сый-құрметке кенеліп, еңбегі бағаланды. Қазақ КСР-нің мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер, КСРО баспасөзінің үздігі атанды. Мемлекет тарапынан бұдан басқа да отызға жуық марапаттарға ие болды. Туған жері, елі құрметтеп, «Шалқар ауданының құрметті азаматы» атанды. Балаларының барлығы білімді, тәрбиелі. Қыздары Мария, Света, Сәуле бір-бір шаңырақтың ұйтқысы болуда. Ұлдары Ғалымбек пен Баламир де жауапты қызметтерде. Тауман аға мен Балзада апа Шәмшіқызы осылардан өрбіген немерелері мен шөберелерінің ортасында сексеннің сеңгіріне қол ұстасып жетіп отыр. Отбасы үшін бұдан асқан бақыт бар ма!...

Ұлпаш ТІЛЕГЕНОВА,
Қазақстан Журналистер
одағы сыйлығының лауреаты,
Ақтөбе газеті, 19 мамыр 2011 ж, 3 б.,
www.aktobegazeti.kz