Тауман Аға – Тау Тұлға

Тауман ТӨРЕХАНОВТЫ бұрын көпшілік Ақтөбе облысындағы іргелі өңір – Шалқар аудандық газетінің редакторы, қаламы қарымды журналист ретінде жақсы білетін. Бұл күндері Тауман Алыбайұлы көптеген күрделі туындылары дүниеге әкелген, қалам қайратын танытқан белгілі қаламгер.
Отыз жылдай аудандық газетте редактор болған, көптеген шәкірт тәрбиелеген ақсақал бүгінде 80 жасқа толып отыр. Қазір ол Алматы қаласында тұрады.
«Көз көргендер еді», «Қанмен жазылған тағдырлар», «Зердесінде ұрпақтың», «Ұжмақ елі», «Адам әлемі», «Дала Геркулесі» – бұл Тауман аға жазған, жарыққа шығарған кітаптардың толық емес тізімі. Ол қадірлі қарттық жасына осындай қомақты сыймен келіп отыр.
Облыстық «Ақтөбе» газетіндегі қаламдас бауырларыңыз да сізді осы мерейтойыңызбен құттықтап, алда ұзақ ғұмыр. Зор денсаулық, қалам зейнетін тілейді.
Әдебиет пен мәдениет – өркениеттің жүрегі. Сол жүрекке шуақ пен қуат сылайтын жанкештілер – жазушылар. Алла Тағаланың мейірі түсіп ерекше жаратылған, тағдырына тарыдай бақ, таудай азап бұйырған қарымды қаламгерлердің бірі 80 жасқа толған тау тұлғалы талант Тауман Алыбайұлы Төреханов.

Ақындары әкімдерін іздесе,
Ондай елдің маңдай соры бес елі.
Әкімдері ақындарын іздесе,
Бақыт нұрын кешеді, -

деген ешқашан ескірмейтін даналықтың парқын бір кісідей білетін ақылман басшылар бастап, халық қостап, мерейтойын туған елі тойлап жатқан Тауман Төреханов – Ақтөбе облысынан шыққан есімі мен еңбегі елге танымал тұлғалардың бірі.
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Ақтөбе облысынан шыққан «Жаршы», «Коммунизм таңы» газеттерінің редакторы, бірнеше мәрте облыстық партия комитетінің мүшесі болған ол облыстың шаруашылық саяси, мәдени өміріне белсене араласып, туған жерін түлету жолында жанкештілікпен аянбай еңбек етті. Сол еңбек жоғары бағаланып, ҚР мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер атағын алды. Ол ұзын саны отызға жуық мемлекеттік марапаттардың, соның ішінде КСРО-ның медалінің, Қазақстан Жоғары Кеңесі Президиумының Құрмет грамотасының иегері, Шалқар ауданының құрметті азаматы.
Кезінде М. Шолохов, М. Әуезов, Л. Леонов, Н. Тілендиев, Р. Бағланова, Е. Серкебаев, Б. Төлегенова сынды ұлы тұлғалармен кездесіп, сапарлас, дәмдес, болған Тауман ағамыз олар жайында тағылымы мол естеліктер мен жолжазбалар жазды. Бұлар да деректі, керекті шығармалар.
Дей тұрсақ та, Тауман Төрехановтың жазушылық талантын танытқан көлемімен ғана емес, көркемділігімен де баураған романдары мен повестерінің жөні бөлек, жолы басқа. Соңғы ширек ғасырын алаңсыз шығармашылық жұмысқа арнаған қарымды қаламгер «Көз көргендер еді», «Қанмен жазылған тағдырлар», «Зердесінде ұрпақтың», «Адам әлемі», атты кітаптарын бірінен соң бірін оқушыға ұсынды. Бұл повесть, әңгіме, очерк, тарихи эсселер Төрехановтың өзіне тән таңбасын танытты. Тәуелсіздіктен қуат алған қаламгер сол еңбектерінің ізін суытпай «Ғасыр қасіреті» атты роман-дилогия, «Кісенделген Дала» атты деректі-роман трагедия, «Тарихтың қанды іздері» деп аталған өткір сюжетті роман-эпопея жазып, әдебиетімізге үлкен үлес қосты. Бірінен соң бірі жарық көрген бұл көркем шығармалар мерзімді баспасөзде жоғары бағаланды. Осының бәрі аз еңбек емес.
Ал «Дала Геркулесі» атты тарихи роман – жазушының жаңа биігі.
«Дала Геркулесі» – қарт қаламгер Тауман Төрехановтың жазбауға болмайтын, ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір жазатын шығармасы еді. Оның біздіңше, бірнеше себебі бар. Ресей отаршыларына қарсы ұлт-азаттық көтерілісі жазушының жылдар бойы жүрегіне түнеген тақырып. «Жабық тақырыпты» жаза алмай жүрген жазушы бұл шығармасын жазбаса оның өзегін өрт, жаның дерт шалар еді. Бұл – бір. Екіншіден автор қазақ халқының отаршыларға қарсы қол бастаған жаужүрек батыры Көтібар мен оның қаһарман ұлы Есеттің тікелей ұрпағы. Үшіншіден, романда суреттелетін тарихи ұлы оқиғалар өткен өлкеде туып-өскен, екі ғасырдың куәгері болған қариялардан Ұлы Дала шежіресіне қаныққан өз еліміздің ғана емес, шетел архивтеріндегі құнды құжаттармен танысқан қаламгерде бір романға емес, бірнеше кітапқа арқау болып мол материал жиналып қалған еді. Қуаныштысы – қарымды қаламгер сол мол материалды суреткерлік сүзгіден өткізіп, көркем шығарманың желісіне көгендей алған. Бас кейіпкер Есет батыр бейнесі қалың оқиғалар ортасында өріліп, нақты іс-әрекеттері арқылы сомдалған. Романның композициясы мүсінді, диалогтар кейіпкерлердің жан дүниесін жарқыратып ашып тұр.
Тауман Төреханов табиғатты шығарма оқиғасына орайластыра, кейіпкер көңіл күйіне байланыстра суреттейді. Бір ғана мысал, «Доңыз қысының қарлы көрпесі ұлыған қасқырдай ақ басқын бораны Ұлы Құмды да әбден иықтап алған, бет қаратпайды. Бар тіршілік – мал, жан құмның терең қазан шұңқырына сініп кеткен. Тек құм беттегі шағыл бастарынан ауылдың қой төбеттерінің біріне-бірі қосылып ұлыған дауыстары күндіз-түні бір семер емес. Бұл Шеңгел қорадағы ұлыған иттерге Сарыжал беттегі қыстақтардың да ұлыған иттері қосылады. Біресе жарысып, созылып, біресе қысқа қайырып, кейде тіпті абадал, қырылдап шыққан төбеттердің қайғылы «ән» салғандай үндері құлақ тұндырады».
«Күні кеше сәмбі талдай солқылдаған, ...бұл күндері қартайған, қайратты, жуан ту биенің жалындай қап-қара сала құлаш шаш аппақ аққудың қанатындай, құмның күзігі ақ шиіндей жіңішкеріп, сиреген, қызыл күрең масатыдай, құлпырған беттері суалған, сай-сай әжім басқан жанарлары күңгірт жағадай көмескіленген».
Нарбике қабылдауымен берілген табиғат суретін кейіпкердің келісті кескінделген портреті толықтырып тұр.
Тауман Төреханов әрбір жаңа шығармасында жаңа биіктен көрініп жүрген, үзіліссіз ізденіп, үздіксіз өсіп келе жатқан жазушы. Оған осы романдағы диалогтар да дәлел.
«Жаңа күн жарқырап алтын сәулесін әжелердің үлкен табаққа салған шашудай шаша бастады», «Шағырдың жалынындай тез сөніп кетті» сынды шығарма табиғатына сай теңеулер де автордың алымдылығына дәлел.
Орайын тауып, орнымен берілген Есет толғаулары да шығарма ажарын аша түскен. Сол толғаулардың бірі:

Мен мен едім, мен едім,
Қатарға салса қайыспас
Қас қара нар мен едім!
Шабуыл салса, шаршамас
Шыны тұлпар мен едім!
Су шашырап, жел тимес
Аудармас қара кеме едім!
Қияннан ұшқан қу ілген
Анық сұңқар мен едім!
Тегеуірінім теріс біткен,
Тепсем желік сындырған
Қыран бүркіт мен едім! –

деп келеді.
Тауман Төрехановтың очерктерін, әңгімелерін, эсселерін, повестерін айтпағанда, «Қанмен жазылған тағдырлар», «Ғасыр қасіреті» (дилогия), «Кісенделген Дала», «Адам әлемі» тарихи деректі романдарын, өткір сюжетті «Тарихтың қанды іздері» эпопеясын оқып танысқан едім. Уақытысында бірқатар шығармаларына республикалық ақпарат құралдарында пікір де жазғанмын. Сол шолу мақалаларымда қаламгердің көп адамға ұқсай бермейтін өз өрнегі, өз қолтаңбасы, өз стилі бар екенін айтқанмын. Ал мына «Дала Геркулесі» атты роман қарт қаламгердің қара сөздің қайыспас қара нары екенін тағы да бір мәрте дәлелдеді.
Тауман Төреханов шығарманың көркемдігіне ғана емес, безендірілуіне де көңіл бөлетін талғампаз талант. Бір ғана мысал, «Дала Геркулесі» кітабының дизайны әсем жасалған. Мұқабаның сыртқы бірінші бетінде шошақ бөрікті, қыран белдей тізесінде былғары қоржын ба, дорба ма, қомақты бір зат жатқан, омырауы есіктей ашық ақ көйлекті, өткір көзді батыр да батыл тұлғалы ер адам суреті бетті жаба берілген. Сурет астында Iset Kutebar деп ағылшын тілінде жазылған. Кітап беттерінің бірінде бұл суретті автор қайдан алғанын жазыпты. Шоқан Уәлиханов пен Михаил Венюковтың 1865 жылы Лондоннан ағылшын тілінде жарық көрген «Есет – Дала серкесі» атты көлемді мақаласынан алынған екен. Ал бұл сурет генерал-адъютант Н.П. Игнатьевтің Орта Азия, Орынбор өлкесіне баратын миссиясының артиллерия подпоручигі Муренконың 1858 жылы Есеттің Катенинмен кездесуі алдында Жем бойында 2 маусымда түсірілгені белгілі болды. Бұл суретті Ресейдің, Орта Азияның, Еуропаның ағымды баспасөздері кезінде жарыса жариялаған болатын.
Перовский бірде былай деп жазыпты: «Да, Исет – герой народа! Исет – батыр! Исет – би своего народа. Исет рыцарь эпохи, как отец Кутебар – хищник! Исет – приведение, призрак. Исет – в конечном счете, легенда народная. Да, Исет алтайская лиса в ковыльной киргизской степи. Да, Исет – вольный ветер своей степи, поймать невозможно! Ищи ветра в поле! Исет очень хитрый и умный. Да, я поймал бы и отдал бы его на растерзание Василию Васильевичу, а!» (394 бет).
Иә, Есеттің ұлттық, халықтық тұлға екенін дұшпандары да мойындаған. Ресейдің В.В. Тимнің басқаруындағы «Русский художественный листок» журналы (№31, 1859 ж.): «Имя Исета в Малой Орде было также грозно, как и соотечественник его Kенесары, убитого сороковых годах, или как героя Кавказского Шамиля» дей келіп: «Исет хороший семьянин: его опасности разделяли с ним несколько братьев и мать, которая по слухам, есть женщина редкого ума и энергии» деп жазса, ал Ковалевский: «На степных перепутьях встретил и батыра Исета Кутебарова, еще до того, как он возглавил антиколониальное движение в Приаралье...» депті.
Есет Көтібарұлының 1858 жылы 4 маусымда Орынбор-Самара губернияларының жаңа басшысы генерал-губернатор Катенинмен кездесуін шебер суреттеген. Орынборды «сайқал орда» деп атай келіп: «Губернатор мырза, есінде болсың тапталған, жанышталған, қорланған, ар-намыс, кек, өшпенділік, иә, ерте ме, кеш пе, бұрқыраған тау бұлағындай атылады. Анасынан құл, күн болып туған ешкім жоқ! Тағы айтамын, тақ-билік туыстар арасындағы қарым-қатынасты да талқандайтын жезөкше қатын сияқты. Халықтың ой-пікірің ұсынысын, әрдайым тыңдау керек. Арыстанның арланы да ұрғашысының ырылын тыңдайды. Бұл жердің иесі де, киесі де қазақ!
... халыққа қызмет ету керек. Мен сол халықтың қызметшісімін. Найзаның ұшымен, қылыштың күшімен, әмірліктің уымен халықты бағындыру әркез кекшілдікті туғызады. Халықты айламен, алдаумен, алдарқатумен ұзақ ұстай алмайсың. Кешегі Перовский билік басында ұзақ отырады. Ондай құлқы мен ниеті қарам, қаныпезер адамдар ұлтқа қауіпті!» дейді Есет батыр.
Осы кездесуден соң ел атамекендеріне оралады. Аяғы аз ба, көп пе, бейбітшілікке алып келеді...
Тауман Төрехановтың бірқатар шығармалары тәуелсіз қазақ елінің бүгінгі тынысына арналған. «Ғасыр қасіреті», «Кісенделген Дала», т.б. романдары қыран қияқты шығарма.
Тауман аға, тарихи көркем шығармаларыңыз арқылы өзіңізге мәңгілік ескерткіш орнаттыңыз.
Құрлықтан дария, жазушыдан жазғыш көп. Қарымды қаламгер Тауман Төреханов әдебиет көшіне көлденеңнен қосылған көк атты көп жазғыштың бірі емес, табиғи талант. Ата-баба аруағына сыйынып, мұқалмаған болат қаламыңа сүйеніп, жемісі мол күзге жеттің, енді жеңісі көп жүзеге жет, тау тұлғалы Тауман аға!

Сәбит ДОСАНОВ,
М. Шолохов атындағы және
В. Пикуль атындағы
Халықаралық сыйлықтардың лауреаты,
Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері,
Ресей әдебиет
академиясының академигі,
Ақтөбе газеті, 19 мамыр, 2011 ж., 12 бет,
www.aktobegazeti.kz